KZ RU EN
Ұлттық тестілеу орталығы
ҰБТ-ға (маусым) өтініштер қабылдау аяқталды 22.05.2020

ҰБТ-ға (маусым) өтініштер қабылдау аяқталды

Түсушілер тестілеу өткізу орны мен уақыты туралы ақпаратты жақын арада алатын болады.

Күнтізбелік жылғы 20 маусым мен 5 шілде аралығында өткізілетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге (бұдан әрі – ҰБТ) өтініш қабылдау 2020 жылғы 10 сәуірде басталып, 15 мамырда аяқталды.
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 27 сәуірдегі мәлімдемесі бойынша COVID-19 пандемиясына байланысты енгізілген төтенше жағдай режиміне сәйкес және ҰБТ-ға қатысуға өтініш берушілердің эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өтініш беру форматына да өзгерістер енгізілді.
Жеке басын куәландыратын құжаты немесе паспорты бар ағымдағы жылғы мектеп бітіруші түлектер Ұлттық тестілеу орталығының (бұдан әрі - Орталық) сайты арқылы «Digital ID: цифрлық паспорт» веб қосымшасына жеке басын куәландыра отырып, онлайн тәртіпте өтініш берсе, жасы 16-ға толмаған, туу туралы куәлігі ғана бар ағымдағы жылғы мектеп бітірушілер ҰБТ өткізу пункттері арқылы, яғни филиал қызметшілерімен байланыса отырып, (WhatsApp, әлеуметтік желі парақшалары арқылы) қашықтықтан өтініш берді.
Орта білім беру ұйымдарының өткен жылғы бітірушілері, техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілері, ЖОО-ға ақылы негізде қабылдау үшін жоғары оқу орнының бірінші академиялық кезеңі аяқталғанға дейін күндізгі оқу бөліміне ақылы негізде ағымдағы жылы қабылданған тұлғалар, сонымен қатар халықаралық алмасу желісі бойынша шетелде білім алған орта білім беру ұйымдарының бітірушілері мен шетелде білім алған, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар Орталық сайты арқылы онлайн тәртіпте алдын-ала өтініш бере отырып, жоғары оқу орындарының жауапты хатшылары арқылы (WhatsApp, әлеуметтік желі парақшалары, электрондық пошталары арқылы) қашықтықтан ҰБТ базасына тіркелді.
Орталық филиалдары қызметшілері мен барлық жоғары оқу орындарының жауапты хатшыларының байланыс телефондары Орталық сайтына орналастырылды.
Яғни, ҰБТ-ға өтініш беруді үйден шықпай-ақ ұйымдастыру жұмыстары еліміздегі короновирус індетіне қарсы жүргізілген #BizBirgemiz #АлғаҚазақстан #ҮйдеБол челлендждерінің жалғасы болып табылды.
Нәтижесінде, ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдіргендердің жалпы саны 131 000 астам, оның ішінде ағымдағы жылғы мектеп бітірушілер - 111 000 астам адамды құраса (90 000 астам – онлайн, 21 000 астам – қашықтықтан тәртіпте өтініш берді), ал өткен жылғы мектеп бітірушілері, техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілері, халықаралық алмасу желісі бойынша шетелде білім алған орта білім беру ұйымдарының бітірушілері мен шетелде білім алған, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын, ұлты қазақ азаматтар - 20 000 астам адамды құрады.
Сонымен қоса, Өзбекстанға көршілес жатқан, Түркістан облысы, Мақтарал ауданында бөгеттің бұзылуына байланысты су тасқыны салдарынан зардап шеккен 5 елді мекеннің 112 мектеп бітіруші түлегіне ҰБТ-ға тіркелу кезінде жеке кеңес жүргізіліп, өтініш берудің ерекше шарттары ұсынылды. Аталған елді мекен бітірушілері үшін Орталықтан жаңартылған байқау сұрақ-кітапшалары, сондай-ақ, ҰБТ-ға дайындалу үшін әрбір пән бойынша оқу-әдістемелік құралдар жиынтығы қосымша жіберілді.
Сонымен қатар, интернет желісі жоқ немесе байланысы әлсіз аймақтарда өтініш беру жұмыстарында жекелеген кеңес беріле отырып, Орталық филиал қызметшілері арқылы қашықтықтан тіркеу жұмыстары жүргізілді.
Бүгінгі таңда Орталықпен ҰБТ-ның өтініштер базасы бойынша ұйымдастыру жұмыстары жалғастырылуда, осыған сәйкес әрбір тестіленушіге ҰБТ-ның мерзімі, уақыты және өткізілетін орны көрсетілген рұқсаттамалар ағымдағы жылғы 20 мамырдан кейін белгілі болады.
Тестілеуге өтінішті онлайн тәртіпте берген ағымдағы жылғы мектеп бітірушілер үшін ақпарат http://ent2020.testcenter.kz сайтындағы жеке кабинеті арқылы таратылса, қашықтықтан ҰБТ өткізу пукнті арқылы өтініш берген мектеп түлектеріне рұқсаттамалар мектебі, сынып жетекшісі арқылы (WhatsApp, әлеуметтік желі парақшалары, электрондық пошталары) таратылады.
Өткен жылғы мектеп бітірушілері, техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілері, халықаралық алмасу желісі бойынша шетелде білім алған орта білім беру ұйымдарының бітірушілері мен шетелде білім алған, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын, ұлты қазақ азаматтар үшін рұқсаттамалар өздері тіркелген жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы таратылады.
ҰБТ-ға онлайн тәртіпте өтініш берген ағымдағы жылғы мектеп бітіруші түлек ҰБТ өткізу пунктіне көлемді-кеңістіктік формадағы сканер арқылы жеке басын сәйкестендіре отырып кіргізілсе, қалған тұлғалар жеке басын куәландыратын құжаты немесе паспорты мен рұқсаттамасы арқылы тестілеуге кіргізіледі.
Тестілеуге кіргізу кезінде қол және рамалық металліздегіштер пайдаланылады. Тестілеуге кіргізу кезінде металліздегіштерді қолдану тестілеу өткізу барысында түсушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың ғимаратқа тыйым салынған заттарды алып кіруін болдырмау үшін қолданылады.
ҰБТ барысында тестіленушілердің ұялы байланыс құралдарын алып кіруіне тыйым салу мақсатында ҰБТ өткізу пунктерінің ғимаратына кіреберісте, металліздегіш құралды қолдану кезінде тестілеуге тыйым салынған заты табылған тестіленуші ҰБТ-ға кіргізілмейді және актпен ғимараттан шығарылады.
Тестілеуге жіберу барысында металліздегішпен тексеру жүргізген кезінде тыйым салынған заттар анықталған жағдайда, Министрлік өкілі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы № 204 бұйрығымен бекітілген Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу Қағидаларына сәйкес (бұдан әрі - Қағида) түсуші ғимараттан шығарылады және ағымдағы жылы тестілеуге жіберілмейді.
Тестілеуге кіргізу барысында «бөгде адам» анықталған жағдайда, түсуші «бөгде адам» ағымдағы жылы тестілеуге жіберілмейді.
ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 25 тамызына дейін Орталық тестілеудің бейнебақылау жазбаларын талдауды жүзеге асырады.
ҰБТ кезінде түсушілерге Қағидаға сәйкес тыйым салынған заттардың біреуін пайдаланған жағдайда, тестілеу және конкурс нәтижелері (ҰБТ балдары) жойылады.


Жаңалықтар тізіміне қайтып оралу

/press-tsentr/novosti/