KZ RU EN
Ұлттық тестілеу орталығы
Ақтөбе қаласында педагогикалық өлшеулер саласы бойынша курс өткізілді 03.08.2021

Ақтөбе қаласында педагогикалық өлшеулер саласы бойынша курс өткізілді

2021 жылғы 12-16 шілдеде Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері Ақтөбе қаласында білім беру саласының мамандарына «Педагогикалық өлшеулер әдістемесінің негіздері» тақырыбында біліктілікті арттыру курсын өткізді.

Аталған курсқа Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының 40 мектеп мұғалімдері қатысты. Курс барысында педагогикалық өлшеулер саласының мақсаты, міндеттері, тест тапсырмаларын әзірлеу әдістемесі және сараптау тақырыптары қозғалды. Тест тапсырмаларын әзірлеу және сараптау жайында теориялық мәліметтер беріліп, практикалық жұмыстар жүргізілді.

«Педагогикалық өлшеулер тақырыбында курс ұстаздарға өте пайдалы болды. Курста білім сапасын бағалау жүйесінің негіздері толық түсіндірілді. Әсіресе тапсырмалар дайындаудың, оны тексеріп-сараптаудың маңызды жұмыс екенін аңғардық. Сондықтан курстың пайдасы көп болды»,- деп курс қатысушысы Е.С.Строганова өз ойын білдірді.

Айта кетуіміз керек, Ұлттық тестілеу орталығы Ұлттық бірыңғай тестілеуде әр пән бойынша тест тапсырмаларын тестілеуде қолданбас бұрын бірнеше сатылы жұмыстар атқарады. Соның бастапқы сатысы – білім алушылармен тікелей жұмыс жасайтын мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындарының оқытушыларын осындай курстардан өткізіп, тест тапсырмаларының әзіреушілері мен сарапшыларын дайындау.


Жаңалықтар тізіміне қайтып оралу

/press-tsentr/novosti/