KZ RU EN
Ұлттық тестілеу орталығы
ҰБТ-ның (ТжКББ) республикалық апелляциялық комиссия жұмысының қорытындысы туралы 26.08.2021

ҰБТ-ның (ТжКББ) республикалық апелляциялық комиссия жұмысының қорытындысы туралы

Республика бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) биыл алғаш рет Ұлттық тестілеу орталығы әзірлеген бағдарламалық жабдықтаудың көмегімен электрондық форматта өткізілді. Электрондық форматтағы ҰБТ-ның бірқатар артықшылықтары болды. ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш беру кезінде түсуші тестілеу күнін және уақытын таңдауға, тестілеу нәтижесі жұмыс күнінің соңында емес, тестілеу аяқталғаннан кейін бірден шығарылып, тестіленуші тестілеу нәтижесімен келіспеген жағдайда апелляцияға өтінішті бірден беруге мүмкіндігі болды.

ҰБТ өткізу кезеңінде тестілеу тапсырмаларын бағалауда бірыңғай критерийлердің сақталуын қамтамасыз ету және тестілеу өткізу кезінде түсушілердің құқықтарын қорғау, даулы мәселелерін шешу мақсатында Республикалық апелляциялық комиссия (Комиссия) құрылды. Түсуші апелляциялық өтінішті тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде беруге мүмкіндігі болып, олар мынадай жағдайларда қарастырылды:

тест тапсырмаларының мазмұны бойынша:

1) дұрыс жауап дұрыс жауаптар кодымен сәйкес келмесе (дұрыс жауаптың нұсқасы көрсетіледі);

2) дұрыс жауап болмаса;

3) берілген барлық жауап нұсқасынан бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмаларында бірден көп дұрыс жауап болса (дұрыс жауаптардың барлық нұсқалары көрсетіледі);

4) тест тапсырмасы дұрыс құрылмаса.

техникалық себеп бойынша:

тест тапсырмасы шартының фрагменті (мәтін, сызба, суреттер, кестелер) табылмаса, соның нәтижесінде дұрыс жауапты анықтау мүмкін болмағанда апелляциялық өтініштер қарастырылды;

Ағымдағы жылы Комиссияның екі отырысы ұйымдастырылды. 2021 жылғы 14-18 маусым аралығында бірінші отырыс және 2021 жылғы 30 маусым мен 4 шілде аралығында екінші отырыс өтті.

Комиссия төрағасы мен құрамы білім беру саласындағы уәкілетті органмен бекітіліп, ҰБТ пәндері бойынша жалпы 152 адамнан тұратын техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының оқытушыларынан қалыптастырылды.

Комиссия жұмысы кезінде ҰБТ бойынша оқуға түсушілерден барлығы 1000 апелляциялық өтініш келіп түсті. Оның ішінде 935 өтініш тест тапсырмасының мазмұны бойынша, 65 өтініш техникалық себептер бойынша болды.

ҰБТ-дан өткен тестіленушілердің өтініштері тест тапсырмасының мазмұны бойынша, тіліне қарай келесідей ұсынылды:

- қазақ тілінде 660 апелляциялық өтініш қарастырылып, 32 өтініш қанағаттандырылды;

- орыс тілінде 275 апелляциялық өтініш қарастырылып, 21 өтініш қанағаттандырылды.

Апелляциялық өтініштер техникалық себеп бойынша:

- қазақ тілінде түскен 38 өтініштің барлығы қанағаттандырылған жоқ;

- орыс тілінде 27 өтініш қарастырылып, 20 өтініш қанағаттандырылды;

Комиссия шешімімен жалпы 73 өтініш қанағаттандырылды.


Жаңалықтар тізіміне қайтып оралу