KZ RU EN
Ұлттық тестілеу орталығы
НЕГІЗГІ ҰБТ-НЫҢ  АРАЛЫҚ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ: НЕГІЗГІ ҰБТ БАСТАЛҒАННАН БЕРІ 220 МЫҢ РЕТ ТЕСТ ТАПСЫРЫЛДЫ 27.06.2022

НЕГІЗГІ ҰБТ-НЫҢ АРАЛЫҚ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ: НЕГІЗГІ ҰБТ БАСТАЛҒАННАН БЕРІ 220 МЫҢ РЕТ ТЕСТ ТАПСЫРЫЛДЫ

Негізгі ұбт басталғаннан бері 220 мың рет тест тапсырылды. Оның ішінде түлектердің 75,8% – ы қазақ тілінде, 24% - ы орыс тілінде, 0,1% - ы ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
    ҰБТ басталғалы шекті балды 68% - ға жуық талапкер жинады, өткен аптамен салыстырғанда 1%-ға артты. Орташа балға келетін болсақ, ол 66 балды құрады.
«Тестілеудің алтыншы аптасы аяқталды, барлығы штатты режимде өтіп жатыр. Жалпы негізгі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 290 мыңға жуық өтініш келіп түсті, олардың ішінде 160 мың өтініш бірінші мүмкіндікке, 130 мың өтініш екінші мүмкіндікке берілген. Қазіргі таңда 220 мың рет тест тапсырылды, яғни талапкерлер екінші мүмкіндігін тапсырып жатыр. ҰБТ 5 шілдеде аяқталады», – деп атап өтті Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
    Талапкерлердің, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін ҰБТ тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылды. Сонымен қатар, олар үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар жасалды. Қабылданған шаралар арқасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар тестіленушілер саны артып келеді.
    Биыл талапкерлерге ыңғайлы болу үшін алғаш рет ҰБТ-ның күнін, уақытын, орны мен бейіндік пәндерін еске салатын SMS жолданатын болады. Хабарлама ҰБТ-ға қатысушылардың өздеріне, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмаған тестіленушілердің ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жіберіледі.
    Академиялық адалдықты сақтау мақсатында талапкерлердің тест нұсқасы таңбаланды. Яғни ҰБТ-ның әрбір қатысушысының жеке тест нұсқасы болады. Ережелерді бұзған және тест тапсырмаларын аудиториядан шығаруға талпынған жағдайда Ұлттық тестілеу орталығы ереже бұзушыларды анықтап, олардың нәтижелерін жояды.
    Бүгінгі таңда 267 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 262 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.
    Естеріңізге сала кетейік, ҰБТ-ға кіргізу үш деңгейлі жүйе бойынша жүзеге асырылады: Face ID жеке басын сәйкестендіру арқылы, жеке куәлік бойынша, сондай-ақ отырғызу орнында жеке басын сәйкестендіру жүргізіледі. Биыл тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша өтеді. Егер бұған дейін тестілеу процесін әр компьютердің жоғарғы жағынан бақылап отыратын бір камера ғана болса, енді тестіленушінің жеке басын сәйкестендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін екінші (фронталды) камера орнатылған.
    Айта кетейік, талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Жаңалықтар тізіміне қайтып оралу